Енді азаматтардан мекенжай анықтамасы талап етілмейді

30.10.2019

Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталады.  Анықтаманы «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алу мүмкіндігі болмайды.  Осыған орай, ендігі жерде  ешбір мемлекеттік орган,  мектеп немесе медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын талап етпейді.

Ал, қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайын «egov.kz» электрондық  үкімет порталы мен «eGov mobile»  қосымшасындағы жеке кабинетінен тексере алады.

Мемлекеттік органдарға келер болсақ, олар бұл мәліметті ҚР Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы алады.

Егер, ұйымдарға, оның ішінде жеке компанияларға  азаматтың тіркелген мекенжайы туралы ақпарат қажет болса, олар egov.kz порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама алуға  мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл  азаматтың  SMS хабарламамен рұқсат беруі  арқылы  жүзеге асатын операция.

Мұндай SMS-ты  алу үшін азамат "Мобильді азаматтар" базасында тіркелуі тиіс. Базаға әр азамат өзі тіркеле алады (egov.kz  порталындағы  "Жеке кабинетке" кіріп, "телефон" бағанына өз телефон нөмірін  жазу қажет және оны  өзінің ЭЦҚ-мен растауы керек) немесе ХҚКО-ның кез келген бөлімшесіне  барып тіркелуге болады (қызмет тегін көрсетіледі және 5 минут уақытыңызды алады).

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы сараптама жүргізіп, қазақстандықтардың әртүрлі ұйымдарға ұсыну үшін жыл сайын 20 миллионнан астам анықтаманы басып шығаратынын анықтады, олардың жартысына жуығы – мекенжай анықтамасы. Мекенжай анықтамасы негізінен жұмысқа орналасу, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеу, банк қызметтерін алу кезінде, сондай-ақ әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін сұратылған. Енді мекенжай анықтамасының күші жойылған  соң азаматтардың ХҚКО-ға келу саны 10 миллион есе азаяды деп күтілуде.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі