2019 жылдың соңына дейін 462 елді мекен кең жолақты Интернетпен қамтылады

28.10.2019

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында айтылды. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ауыл тұрғындарын кең жолақты Интернетпен қамтамасыз ету бойынша елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы депутаттарға айтып берді.

2019 жылдың соңына дейін байланыс операторлары Қазақстанның он бір облысына, нақтырақ айтқанда облыс, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан 462 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізеді. Осылайша, 496 мектеп, 389 аурухана, 312 әкімдік, апаттық қызметтердің 13 бөлімшесі, ауыл шаруашылығы саласының



50 пункті және т.б. жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл жұмыс аудан және облыс орталықтарынан шалғайда орналасқан  ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен  қамтамасыз ету үшін "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында қолға алынғанын айтып өткіміз келеді. Осы орайда,  елімізде қазіргі уақытта 2 негізгі жоба жүзеге асырылуда:

- талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы. Жоба толық  іске асқан жағдайда, 2020 жылдың соңында 1 250 ауылдық елді мекеннің тұрғындары жоғары жылдамдықты Интернетке қол жеткізеді;

- 2020-2022 жылдар ішінде LTE (4G) ұялы байланыс желісін және басқа да технологияларды дамыту арқылы 3 143 ауыл интернетпен қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру шеңберінде 2020 жылдың соңына дейін тұрғындарының саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты Интернет желісіне қол жеткізеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылы 5 089 ауылдық елді мекен Интернет желісімен қамтылады. 

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі