Асқар Жұмағалиев «Бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты үшінші қазақстандық-америкалық бизнес-форумына қатысты

15.05.2019

Цифрландыру,  қорғаныс  және аэроғарыш саласында америкалық инвесторларға ашылатын мүмкіндіктер туралы бәсекеге қабілеттілік жөніндегі  форумда Асқар Жұмағалиев айтып берді.

«Қазақстанда цифрландыру қағидаларын енгізу нәтижесінде өткен жылы 580 млн АҚШ доллары көлемінде экономикалық тиімділікке қол жеткізілді. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір көрсеткіші ғана.  Қазақстанды цифрландыру бұдан әрі жалғасады және АҚШ инвесторларымен ынтымақтастық орнатуда  аталған саланың әлеуеті зор»,- деп мәлімдеді Асқар Жұмағалиев.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі атап өткендей, Қазақстан  бүгінгі күні  «CISCO»  және «IBM» секілді ірі америкалық компаниялармен белсенді  әріптестік орнатқан. Осымен бірге, өткен жылдың қараша айында жұмысын бастаған «Astana Hub» технопаркінде   IT-стартап және  инновациялар саласында бірлесіп жұмыс жүргізуге бірқатар мүмкіндіктер ашылып отыр.

Америкалық бизнес өкілдері Асқар Жұмағалиевтің шақыруына қызығушылық танытты, себебі олардың кейбірі Қазақстан аумағында  жүзеге асырылып жатқан жобаларды қаржыландыруда оң нәтижеге қол жеткізген. Біздің еліміздің географиялық тұрғыда орналасуы, инвестициялық ахуал, ІЖӨ көрсеткіші және негізгі секторлардың  дамуы авиациялық өнеркәсіп саласында ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізіп отыр.

Анықтама: «Бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты қазақстандық-америкалық бизнес-форум жыл сайын ұйымдастырылады. Оған Қазақстанның мемлекеттік орган өкілдері мен АҚШ бизнес-қауымдастығының өкілдері қатысады. Биыл аталған форумға 40-қа жуық америкалық ірі компаниялар мен Қазақстан және АҚШ-тың ресми тұлғалары қатысты.

ҚР ЦДҚАӨМ баспасөз қызметі
Галерея: