Эстония Қазақстанмен цифрландыру және бірлескен стартап-жобаларды жүзеге асыру салаларындағы ынтымақтастықты күшейтуге ниетті

29.05.2019

Бұл туралы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстон үкіметаралық комиссиясының VI отырысында белгілі болды.

Шағын және кең форматтағы кездесулер кезінде Делегация басшылары туындаған мәселелерді шешуде және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын пысықтауда  осындай  диалогтың маңыздылығы мен нәтижелілігін  атап өтті.

"Бүгінде екі ел арасында белсенді диалог орныққан, бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Эстон капиталының қатысуымен 72 кәсіпорын Қазақстан аумағында жұмыс істейді және қазақстандық 70 компания Эстонияда тіркелген. Әрине, ынтымақтастықты нығайту әлеуеті әлі де сезіледі және біздің комиссияның жұмысы осы мүмкіндіктерді жүзеге асыруға ықпал ететініне сенімдімін", - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Қазақстан Эстония үшін өңірдегі ең маңызды әріптес екенін атап өткен Эстон Республикасының Экономика және инфрақұрылым министрі Таави Аас қазақстандық әріптесімен толық келісе отырып, өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға сенім білдірді.

Бүгінгі кездесуде цифрландыру саласын дамыту перспективаларына баса көңіл бөлініп, тараптар цифрландыру саласындағы ынтымақтасу мүмкіншіліктерін  талқылады. Сонымен қатар, Эстон тарапы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмасуға және таллиндік "Юлемисте" технопаркінің  "Astana Hub"-пен әріптестікке  дайын екендігін жеткізді.

Қазақстан-Эстон үкіметаралық комиссиясының 7-отырысын 2020 жылы  Таллин қаласында өткізу жоспарланған.

Анықтама: Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстон үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Келісімге сәйкес 2009 жылғы қыркүйекте құрылды. ҮАК тең төрағалары: Қазақстан Республикасының цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев және Эстония Республикасының Экономика және инфрақұрылым министрі Таави Аас болып табылады. ҮАК алаңында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері қарастырылады.

ҚР ЦДҚАӨМ баспасөз қызметі
Галерея: