Қазақстан мен Қытай алыс ғарышты игеру саласында ынтымақтасуға ниетті.

29.05.2019

Бейжіңде өткен ғарыш саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-қытай жұмыс тобының II отырысында спутниктік технологияларды пайдаланудағы перспективалық бағыттар, ғарышты терең зерттеу және ғылыми бағдарламаларды әзірлеу қаралды.

Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Олжабеков бастаған ҚР ЦДҚАӨМ өкілдері ҚХР бірқатар ғарыштық инфрақұрылым объектілерін аралады және  Қытай Ұлттық ғарыш әкімшілігі (ҚҰҒӘ) басшысының орынбасары У Яньхуамен кездесті.

Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінен алынған ғарыш түсірілімдерінің деректерін өңдеу орталығында делегация мүшелеріне қытайлық Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінің мүмкіндіктері ұсынылды және спутниктік көріністерге арналған ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері көрсетілді.

Сондай-ақ, №5 Аэроғарыш академиясының базасында байланыс спутниктерін құрастыру-сынау, навигация, қашықтан зондтау жұмыстары, сондай-ақ Айды зерттеу бағдарламасы үшін ғарыш аппараттары бойынша қытайлық мамандардың әзірлемелері ұсынылды.

Қытай тарапы қазақстандық делегацияны Айды, Марсты және алыс ғарышты зерттеу бойынша іске асырылып жатқан және жоспарланып отырған миссиялармен таныстырды.

Мәлік Олжабековтың айтуынша, тараптар қысқа мерзімді перспективада өзара іс-қимылды жандандыру, қытайлық әріптестерімен ғарыш саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы пікірге келді.

Сонымен қатар, делегация құрамына енген «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның (РҒБО) өкілдері қытайлық және қазақстандық байланыс спутнигінің электромагниттік үйлесімділігі мәселесі бойынша CHINA SATCOM компаниясының өкілдерімен кездесуге қатысты. Сондай-ақ, РҒБО мен «Ұлы қабырға» Қытай өнеркәсіптік корпорациясы (ҚӨК) өкілдері байланыс спутниктері саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Қазғарыштың баспасөз қызметі
Галерея: