Қазақстандықтар көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді онлайн-нысанда жиі алуда

19.07.2019

2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында "еgov.kz" электрондық үкімет порталы арқылы 23,5 млн. мемлекеттік қызметтер көрсетілген. Бұл көрсеткіш  2018 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 182%-ға артық. Ол кезде egov.kz  арқылы 12,8 млн. қызмет көрсетілген болатын.

Бұл мәліметтер ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

"Біздің Министрлік мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және азаматтың мемлекетпен қарым-қатынас жасау процесін жеңілдету, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бойынша жоспарлы түрде жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы орайда, Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі және осы жылдың соңына дейін бекітілген жоспарға сәйкес барлық мемлекеттік қызметтердің 80% электрондық форматқа көшірілуі тиіс",- деп атап өтті Абылайхан Оспанов баспасөз конференциясында.

Электрондық формат: «egov.kz» электрондық үкімет порталы, Telegram-бот, мобильді қосымша және т.б. сияқты мемлекеттің халықпен өзара коммуникациялар арналары. Статистикаға сәйкес, Telegram мессенджеріндегі @EgovKzBot кеңінен танымал болуда: бірінші жарты жылдықта халыққа 676 мың қызмет көрсетіліп, азаматтар ХҚКО мен мемлекеттік органдарға баруға жұмсайтын уақытын үнемдеді. Бүгінгі күні Telegram-бот арқылы ең танымал қызметтер мен сервистердің 25 түрі қолжетімді. Бұл мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама, психо-, нарко-, туберкулезге қарсы диспансерлерден анықтама, кезекті онлайн-брондау, дәрігердің қабылдауына жазылу және т. б. Аталған сервиске қол жеткізу үшін азаматтар өзінің ЭЦҚ-сын пайдалана отырып, электрондық үкімет порталында мобильдік азаматтар базасында немесе ХҚКО арқылы тіркелуі қажет. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында миллионнан астам адам тіркелді. @EgovKzBot арқылы қолжетімді қызметтер мен сервистерді кеңейту бойынша жұмыстар жалғасады.

Сонымен қатар, қазақстандықтар mGov мобильді қосымшасын белсенді түрде пайдалана бастады: 2019 жылдың І жартыжылдығында оның көмегімен 2,3 млн. мемлекеттік қызмет алынған болса, 2018 жылы 1,7 млн. Мобильді қосымша арқылы 77 қызмет қолжетімді.

Сонымен қатар, спикер 2019 жылдың тамыз айында mGov жаңартылған мобильді қосымшасын енгізу жоспарланғанын атап өтті. Онда ең танымал қызметтерді авторизациялау және сұранымға қол қою үшін Face ID және Mobile ID пайдалана отырып алуға болады.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі