ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Асқар Мамин Роскосмостың Бас директоры Дмитрий Рогозинмен келіссөздер өткізді

10.07.2018

Ағымдағы жылдың 9 шілдеде Қызылорда облысына іссапар шеңберінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Асқар Мамин «Роскосмос» Ғарыштық қызметі бойынша мемлекеттік корпорацияның Бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесті. Кездесуге ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құруын іске асыру, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Байқоңыр қаласының ары қарай даму мәселелерін талқылады.

Тараптар жаңа буын басқарылатын транспорттық кемелерді ұшыру үшін «Бәйтерек» жобасын іске асыруын өзекті етуге келесті.    

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті қолдана отырып ынтымақтастықтың негізгі тәсілдерін әзірлеу үшін құрамына ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті, Роскосмос және «С7 Космические Транспортные Системы» компаниясының өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылады.

А. Мамин кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау, Байқоңыр қаласына инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу ынтымақтастықтың басым бағыттары екенін атап өтті.

Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев инженерлік инфрақұрылым объектілерін жаңғырту және қайта жаңарту үшін Байқоңыр қаласында жүргізілетін жұмыс пен ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Инвестицияларды тарту және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау үшін «Байқоңыр» кешені аумағында арнайы экономикалық аймақ құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Облыс әкімі өңірде ғарыштық туризмді дамыту мақсатында «Байқоңыр» ойын-сауық және туристік аймағын құру тұжырымдамасының әзірленгенін хабарлады.

Алдағы «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстандық-Ресейлік үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 6-шы отырысында қарастыру үшін бірқатар өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар дайындалды.

 

 

ҚР ҚАӨМ баспасөз қызметі
Галерея: