Ле Буржеде KazSat 2R жобасына қатысу бойынша шетелдік әріптестермен хаттамаларға қол қойылды

21.06.2019

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің (АҒК) делегациясы  Ле-Буржедегі 53-ші Париж авиасалонының  жұмысына қатысты.

Делегацияның негізін «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) мамандары құрады, олар өздерінің шетелдік стратегиялық әріптестерімен жұмыс кездесулерін өткізді.

« «Біз Airbus, Thales Alenia Space еуропалық компанияларындағы, ресейлік М.Ф. Решетнёв атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» (АСЖ)  кәсіпорнындағы әріптестермен талқылаған басты мәселе  - бұл біздің «Kazsat - 2R» байланыс және хабар таратудың жаңа спутнигін жасау жөніндегі перспективалық жобамыздағы қазақстандық мазмұн», - деді «РҒБО» АҚ Басқарма Төрағасы Бауыржан Құдабаев.

Жұмыс кездесулерінің қорытынды хаттамаларында Қазақстанның астанасында салынып жатқан ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенінің (ҒА ҚжСК) мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «Ғалам» компаниясының қазақстандық инженер-конструкторларының спутникті құруға қатысу қажеттігі жазылған.

Thales Alenia Space шақыруы бойынша «Ақкөл» Ғарыштық байланыс орталығының инженерлері еуропалық компанияның цифрлық офисіне барды, онда итальяндық әріптестер жаңа цифрлық бағдарламаларды жасау және жобаларды басқару, жастарды стартаптарға тарту бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Уағдаластықтарға сәйкес, қазақстандық мамандар Еуропада байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарының пайдалы жүктемесін құру бойынша оқудан өтеді.

Қазғарыштың АҒК ғарыштық байланыс жүйелері басқармасының басшысы Ардақ Кунадилов бастаған делегация Ле Буржеге жұмыс сапарының  қорытындыларын  ҚР Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Ғалиевпен бөлісті.

Қазғарыштың баспасөз қызметі