Нұр-Сұлтан қаласында Адамзаттың алғаш ғарышқа ұшу халықаралық күніне арналған салтанатты шара өтті

12.04.2019

Бүгін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп Адамзаттың алғаш ғарышқа ұшу халықаралық күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырды. 

Аталған шарада ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Нұрғожин Марат Рахмалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстаннның ғарыш саласындағы жетістіктерін атап өтті.

Қазақстанның Халық Қаһарманы, ӘАК-нің генерал-майоры, ғарышкер Айымбетов Айдын Ақанұлы шараға қатысушыларды осынау мерекемен құттықтады. «Биылғы жыл барлықтарыңызға тек жақсылық әкелсін, сәттілік әрқаша серіктеріңіз болсын. Барлықтарыңызға зор денсаулық, бақыт пен жақсы көңіл-күй тілеймін. Жақындарымыз әрдайым қасымыздан табылсын. Ғарыш пен ғалам барлығымызды, сүйікті елімізді жамандықтан сақтап жүрсін», - деп сөзін аяқтады ғарышкер.

Шара АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі Оңтүстік және Орталық Азия бюросы көмекшісінің орынбасары Томас Важданың құттықтау сөзімен жалғасты. Оның айтуынша, екі елдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығы авиация мен ғарыш саласында айтарлықтай орын алады. Өйткені, Қазақстанның аталған салада үлкен жетістіктерге жету жолындағы әлеуеті айтарлықтай.

Салтанатты шара барысында НАСА-ның өкілдерімен тікелей видеоқоңырау ұйымдастырылып, олар қонақтарды мерекемен құттықтап, ғарыш саласын игеруде Қазақстанға сәттілік тіледі.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Батырқожа Азамат Байқуанышұлының айтуынша, биылғы жылы компания Ғарыш аппараттарын жинау-құрастыру кешенінің құрылысын аяқтайды. Қазіргі уақытта жұмыстар 98,5%-ға дейін атқарылған.

Салтанатты шара шеңберінде ракета модельдерін ұшыру, айда жүретін құрылғыларды жасау, диодты ашық хаттар жасау тақырыптарына арналған шеберлік сағаттары, ордендер мен төсалқалар көрмесі, балалар суреті байқауы, «Алғашқы адам» атты фильмнің көрсетілімі ағылшын тілінде ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда еліміздің активінде «KazSat» ғарышпен байланыс және хабар тарату жүйесі; KazSTSATи KazSTSAT-1 ғылыми-техникалық бағыттағы ғарыш жүйелері; «KazЕОSat» Жерді қашықтан зондтау, жоғары сапалы спутниктік навигация ғарыш жүйелері бар. Аталған жүйелердің көмегімен мамандар осы уақытқа дейін экономикамыздың дамуына үлес қосып, сонымен қатар еліміздің қауіпсіздігін сақтауға да атсалысып келеді.

Ғарыш саласы –  экономикамыздағы маңызды бағыттардың бірі. Осы саладағы қызметкерлер еңбегінің арқасында ауқымды істер атқарылуда. 

Қазғарыштың баспасөз қызметі
Галерея: