Қазақстан мен Франция жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерін құрастыруды бастады - Т. Мұсабаев

Қазақстан мен Франция жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерін құрастыруды бастады.
Бұл туралы бүгін Астанада Назарбаев университетінде өткен «Ғарыштағы кездесулер» атты конференция кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.
«Біз әлемдік деңгейдегі «EADS Astrium» ғарыш компаниясымен бірігіп, жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерін құрастыруды бастадық. Олар өте жоғары санаттағы және деңгейдегі құрылғылар. Оның бірі 1 метрге дейін жердің бетін жоғары ажырату қабілеті бар жерсерік, екіншісі 7 метрге дейін орташа ажырату қабілеті бар аппарат. Бұлар әлемнің 2-3 мемлекетінде ғана кездесетін аса жоғары технологиялар», - деп атап көрсетті ол.
Сонымен қатар бірлескен жоба аясында Астана маңында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені салынуда. Онда алғашқы жерсеріктер шамамен 5 жылдан соң шығарыла бастайды.
«Қазақстанда жасалатын жерсеріктер «Ғалам» жобасы негізінде құрастырылады. Жерсеріктердің қандай түрде шығарылатыны талқылануда. Ал навигациялық жерсеріктердің түрлері әлі келісілген жоқ», - дейді «Astrium» компаниясының Азия және Тынық мұхиты елдері бойынша маркетинг бөлімінің вице-президенті Юг Лапорт-Вейвада.
«Ғарыштағы кездесулер» атты конференция Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамыту келісімшарты аясында өткізілуде. Оған «Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы», «Ресей батыры»,  ұшқыш-ғарышкер, авиацияның генерал-майоры Талғат Мұсабаев, Франция ғарышкері Жан-Пьер Эньере және «EADS Astrium» ғарыш компаниясының өкілдері қатысты. Келесі конференцияны Алматы қаласында өткізу жоспарлануда.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ «EADS-Astrium» француз компаниясымен Францияның Ле Бурже қаласында 2009 жылғы 18 маусымда келісімшартқа қол қойды. Біздің елімізде мұндай кешен жасау жөніндегі келісімшарт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Николя Саркозидің аталмыш саладағы стратегиялық серіктестік жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың алғашқы нақты нәтижесі болып отыр.
ҚазАқпарат
18.04.12

«Прогресс М-15 М» ғарыш грузовигі ХҒС-қа ұшуға дайындалуда

Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз-У» ғарыштық зымыран «Прогресс М-15М» көлік кемесімен ұшуына дайындауда.
Роскосмостың баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінгі күні мәре алдындағы жұмыс бағдарламасында – резервтік күн. Жақында жерүсті жүйелерін және старттық кешендері, сондай-ақ  ғарыш зымырандары бас сынаудан өтті, барлық сынаулар дұрыс деп танылды. Ертең ғарыш айлағында мемлекеттік комиссияның отырысы өтеді. Онда «Союз-У»-«Прогресс М-15М» ғарыштық зымыранның дайындығы жөнінде және жанармай компонентімен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдайды.
«Союз-У» ғарыштық зымыранның «Прогресс М-15М» ғарыш грузовигінің ұшуы Байқоңыр ғарыш айлағының 31 алаңынан Астана уақыты бойынша 20 сәуір күні сағат 18.50 минутқа жоспарланған.
Қазақпарат/Сара Нұрғалиева
19.04.12

Ғарышты француздармен бірге игереміз

There are no translations available.
 

 
 

Кеше Ұлттық Ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев француз әріптестерімен бірге Алматыдағы Абылай хан атындағы мемлекеттік халықаралық тілдер институтында студенттермен кездесті.
Кездесуге ғарышкер Талғат Мұсабаев­пен бірге француз ғарышкері Энере Жан Пьер, EADS-Astrium компаниясының өкілі Юг Лопард Вейнада және Франция­ның Алматыдағы консулы Гийом На­риолле келді. Қазақстан мен Франция ғарыш саласындағы ынтымақтастықты жылдан-жылға дамытып келеді. Бұдан үш жыл бұрын Николя Саркозидің Астанаға келген ресми сапары кезінде Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірқатар се­ріктестік жобалар туралы ке­лісім жаса­ған болатын. Ғарыш саласында масштаб­тық жобаларды, соның ішінде ЕАDS концернімен жерге дистанциялық зонд жасау жүйесін және жинақ-сынақ кешенін құру туралы әңгіме болған. Артынша «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық ком­паниясының» президенті Ғаб­дуллатиф Мырзақұлов пен француз­дық EADS-Astrium компаниясының атқарушы директоры А.Шаро бірлескен ғарыштық жоба туралы келісімге қол қойды. - Мен қазақша «махаббат» деген сөзді ғана білемін, - деп қалжыңдайды EADS-Astrium компаниясының өкілі Юг Лопард Вейнада, - француз-қазақ арасындағы ғарыштық ынтымақтастықты бір сөзбен түсіндіру қиын, бірақ осы сөздің мағынасына барлығы сияды. Бүгінде Қазақстан Франциямен бірлесіп ғарышқа спутник ұшырып жатыр. Бұл ғылыми жұмыстар үшін Жер бетіне ірі коммуникациялық ғимараттар салудан босатады. Алдағы уақытта бірлескен жаңа спутник жасауды жоспарлап отырмыз. Оны Қазақстан аумағында құрастырамыз. Жасалатын орын Астанада салынып жатыр, енді бірер жылда іске қосылуы тиіс. Оған қазақстандық Үкімет тарапынан келісім берілген, барлық жағдайлар жасалуда. Қазір екі елдің командасы түсіністікпен жұмыс істеуде, ал еуропалық ірі кәсіпорындардың бірі EADS концернінде бір топ қазақстандық мамандар оқып жатыр. Қазақстан жағы жоба құнының 73,5 пайызын береді, ал Франция 27,5 пайызын көтеріп алатын болды. Қазақстандық алғашқы инженерлер мен менеджерлер тобы былтырғы қаңтарда Тулуза қаласына оқуға кеткен. Қазіргі кезде Францияда спутниктік жүйені жобалау жөніндегі екі кезеңдік оқу бағдарламасын аяқтаған қазақстандық мамандар 2012 жылдың басынан Гилфордтағы базада орналасқан ағылшындық Surrey Satellite Technology Limited компаниясының SSTL-50 платформасында тәжірибелік сабақтарды өтуде. Ұлттық Ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев француз достарымен кездесуге жиналған жұртты таныстырып, «Мир» ғарыш стансасына 1993 және 1999 жылдары Ресей экипаждарымен бірге ұшқан француз ғарышкері Энере Жан Пьерге сөз берді. Энере Жан Пьердің зайыбы да ғарышкер. Екеуі Мәс­кеудегі «Жұл­дызды қа­лада» сегіз жыл тұрыпты. - Мен де, әйелім де - ғарышкер. Біз Клоди екеуміздікін бірге са­насақ, төрт рет ғарышқа ұшыппыз. Төрт рет біз Қазақстан жерінен ұшып шығып, Қазақстанға қондық. Сондықтан мен Қазақстанда көп болдым деп айта аламын. Ұшардың алдында Байқоңырда бірнеше күн боламыз. Осындай кездерде Талғат Мұсабаев бізді қазақ­тың отбасына қонаққа шақы­рып, қазақтың мәде­ниетін, ас мәзірін көр­сетіп, сал­тынан хабардар ететін. Алғашында ұш­қыш-дублер, одан кейін борт-инженер болып орыс­тармен, қазақтармен бірге «Мир» ғарыш стансасында болдым. Талғат Мұсабаев командир болғанда мен дублер болдым. Содан бері арамыз алшақтаған жоқ, - дейді Энере Жан Пьер. Энере Жан Пьер мен Клоди бірінші рет ғарышқа ұшып келгеннен кейін үйленіп, өз елдеріндегі тұңғыш «ғарышкерлер отбасы» болды. Ол ғарышқа да ұшты, Францияның және еуропалық ғарыш агенттіктерінде әртүрлі лауазымды қызметтерді де атқарды. Клоди болса, екі мәрте ғарышқа ұшып келгеннен кейін, Франция үкіметінде Экология және табиғатты қорғау министрлігін басқарды. Қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев та француздар тарапынан сый-сыяпат алған адам. Ол Франциядағы ең құрметті белгі болып саналатын, кезінде Наполеон Бонопарттың өзі шығарған - «Құрметті легион» орденімен мара­патталған. Ал «Құрметті легион» орденінің Үлкен Крестінің кавалері болып Президент Нұрсұлтан Назарбаев табылады. Франция Қазақстанның ғарышты игерудегі және әлемдік прогресті дамытудағы рөлін осылайша бағалайды. Айқын/Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

18.04.12.

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінде Қазғарыштың құрылғанына 5 жыл толуына орай, сондай-ақ Адамзаттың ғарышқа ұшуының халықаралық күніне арналған салтанатты жиын болып өтті.
Салтанатты шараға Қазғарыш басшылығы мен қызметкерлері және Агенттік қарамағындағы ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиында Қазғарыш төрағасы Талғат Мұсабаев Агенттік пен оған бағынысты ұйымдардың 5 жылда атқарған қызметінің негізгі нәтижелерін қорытындылап, баяндама жасады. Сондай-ақ, әріптестеріне ыстық ықыласты құттықтау сөзін жеткізді.
Өз сөзінде ведомство басшысы Т. Мұсабаев Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы ішіндегі ғарыш қызметінің қалыптасуы мен дамуының өрісі жайлы әңгімелеп берді. Мәселен, еліміздің біртіндеп дамып келе жатқан ғарыш қызметін шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады:
бірінші кезең тек ғарыштық кеңістікті зерттеу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізіліп келген 1991-2004 жылдарды қамтиды;
екінші кезең«Қазақстан Республикасының ғарыш қызметін дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған тұңғыш мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, жүзеге асырылған 2005-2007 жылдарды қамтиды;
- тәуелсіз Қазақстанның ғарыш қызметіндегі үшінші кезең2007-2012 жылдарды қамтиды. Бұл кезең Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 27 наурыздағы Жарлығымен құрылған Ұлттық ғарыш агенттігінің қызметімен байланысты болып отыр.
Баяндамада сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық, кадрлық қамтамасыз ету, Агенттіктің нормативтік құқықтық қызметі салалары қозғалды.
Жиын барысында Қазғарыштың атына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ Агенттіктің шетелдік әріптестері атынан келіп түскен құттықтаулар оқылды.
Іс-шараның екінші жартысында Агенттіктің және оның қарамағындағы ұйымдардың елеулі еңбегімен көзге түскен қызметкерлерін «Қазақстан Республикасының тәуелсізідіген 20 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазғарыштың құрмет грамотасымен және «Ю.Гагариннің ұшқанына 50 жыл» төсбелгісімен марапаттау рәсімі болды.
Сонымен қатар, ғарыш саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың қорытындылары шығарылып, жарыс жеңімпаздары марапатталды. Спорттық жарыстар үстел теннисі, шахмат және кіші футбол бойынша өткізілген болатын. Осы спорт түрлерінің әрқайсысы бойынша 3 жүлделі орындар белгіленді. Барлық жеңімпаздар грамоталармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Футболдан өткізілген турнирден 1-ші жүлделі орынды жеңіп алған «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» Агенттік төрағасының кубогына ие болды.
Салтанатты жиын соңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы кәсіби мерекемен құттықтай отырып, әріптестеріне қазақстандық ғарышты дамытуда табысты еңбек, жаңа жетістіктер тіледі.
 
Қазғарыштың баспасөз қызметі
12.04.12

Қазғарыштың ең үздік логотип (эмблема) үлгісіне конкурсы туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі Қазғарыштың ең үздік логотип (эмблема) үлгісіне конкурс жариялады.
Конкурс материалдарын ұсыну мерзімі а.ж. 20 ақпаннан 20 наурызға дейін белгіленген болатын. Көрсетілген уақыт ішінде конкурсқа 157 қатысушыдан 450 жұмыс келіп түсті.
2012 жылдың 29 наурызында Қазғарыштың ең үздік логотип (эмблема) бейнесін таңдау бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің эксперттік комиссиясының соңғы отырысы болды.
Эксперттік комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының жарияланған конкурсқа жоғары ықылас білдіргендерін атап өтті.
Конкурсқа ұсынылған 290 жұмыс материалдың графикалық параметрлері бойынша жарияланған техникалық талаптарына сай келген жоқ. Конкурстық комиссия қарастырған 160 жұмыстың ішінен лайық  логотип (эмблема) бейнесі табылмады.
Ұлттық ғарыш агенттігі конкурсқа белсенді қатысқан барлық қатысушыларға алғысын білдіреді. Жаңа конкурс жариялау арқылы конкурсты жалғастыру шешімі қабылданды. Өткізу мерзімі туралы ақпарат біздің ресми сайтта жақын арада жарияланатын болады.
Қазғарыштың баспасөз қызметі
02.04.12

Беттер