Бүгін таң алдында Байқоңырдан кезекті ғарыш кемесі ұшырылды

«Союз» ғарыш кемесі Халықаралық Ғарыш Станциясына үш ғарышкерді жеткізетін болады. Олардың бірі Ресейлік космонавт Сергей Волков, АҚШ ғарыш агенттігі НАСА-ның астронавты Майкл Фоссум және жапониялық ғарышкер Сатоши Фурукава. Бұл топ ғарыштағы станцияда қараша айының ортасына дейін кезекшілік атқаратын болады. Оларды ғарыштағы қазіргі топ, яғни, НАСА астронавты Рон Гаран мен ресейлік космонавтар Андрей Борисенко және Александр Самокутаев қарсы алатын болады. Ғарышқа енді аттанып отырған топ тарихи сәттің куәсі болады. Олар шілде айында АҚШ-тың шаттл үлгісіндегі Атлантис кемесін қарсы алмақ. Бұдан кейін көп ретті пайдаланылатын ғарыш кемелері шаттлдар ғарышқа ұшырылмайды және олардың 30 жылдық қызметі тамам болады. Америкалық ғарышкерлер Фоссум мен Гаран шаттлдың соңғы сапарында басты роль атқарады делінеді. Айта кетер жайт, бұл жолы Байқоңырдан көкке самғаған «Союз» ғарыш кемесі осындай ғарыш кемелерінің жаңартылған үлгісінің екінші рет ұшырылуы.
 

Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансасына кезекті экипаж аттанды

8 маусым түнде  Астана уақыты  бойынша 02 сағат 12 минут 45 секундта  «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш стансасына кезекті ғарыш  экспедициясы аттанды.
Экипаж құрамына  кіргендер:   кеме командирі,   ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер - американдық астронавт Майкл Фоссум  және  жапон астронавты Сатоши Фурукава.
Ұшу сапарларын басқару  орталығынан  хабарлағандай,  сағат  02.21-де,    зымырантасымалдағыштың  үшінші    сатысы   штаттық  режимде ажырағаннан  кейін ғарыш  кемесі есептелген орбитаға  шықты.
«Ресейғарыш» агенттігінің баспасөз қызметінен  хабарлағандай,  «Союз ТМА-02М»  ғарыш кемесі  Халықаралық ғарыш стансасымен   10 маусым күні   мәскеу уақыты  бойынша  01.22-де түйіседі.   Стансада  қазір жұмыс істеп  жатқан  ресейлік ғарышкерлер Андрей Борисенко мен  Александр Самокутяев  және  американдық  астронавт  Рональд Гаран  жаңа экипажды қарсы алуға   әзірленуде.
 
08.06.2011
ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Прогресс М-11М» жүк кемесі ұшырылды

21 маусым күні кешке, Астана уақыты  бойынша   20.38-де    «Байқоңыр» ғарыш айлағынан   «Союз-У» зымырантасымалдағышымен   «Прогресс М-11М» жүк   кемесі    ұшырылды.
Зымыранның  ұшу сапары  штаттық бағдарлама  бойынша  өтті. Оны ұшырумен байланысты  ықтимал     салдарларды   жою  үшін,   сағат  18.38  бен  21.38-дің  аралығында   Қарағанды, Қызылорда, Павлодар   және Шығыс Қазақстан облыстарының  төтенше жағдайлар   қызметтері    күшейтілген   режимде  жұмыс істеді.
22.06.2011
ҚазАқпарат

Қазғарыш пен Роскосмос «Қазсат-3» ғарыш спутнигін жасау және ұшыру туралы келісімшартқа қол қойды - Ле Бурже

Қазғарыш пен Роскосмос «Қазсат-3» ғарыш спутнигін жасау және ұшыру туралы келісімшартқа қол қойды - Ле Бурже Ле Буржеде өтіп жатқан 49-шы авиағарыш салонының аясында Қазақстанның Республикалық Ғарыш байланысы орталығы мен Ресейдің Решетнев атындағы Ақпараттық спутник жүйесі» компаниясы қазақстандық «Қазсат-3» спутнигін жасау және ұшыру туралы келісімшартқа қол қойды. Қол қою рәсімі Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев пен Ресейдің Федералдық ғарыш агенттігінің жетекшісі Владимир Поповкиннің қатысуымен өтті. Талғат Мұсабаев Роскосмостың жаңа басшысымен бірінші кездесу табыс өткенін атап көрсетті. Ұлттық ғарыш агенттігі делегациясы сапар аясында Германия ғарыш агенттігінің өкілдерімен кездесулер өткізді, Франция ғарыш агенттігі мамандарымен келіссөздер өткізді. Қазғарыш басшысының айтуынша, Ле Бурже авиағарыш салонына қатысу -әлемдік авиация мен космонавтика саласының жаңа жетістіктерімен танысу ғана емес, сонымен бірге барлық әріптестерімен кездесу және жаңа жоспарлар белгілеу. 22.06.2011 ПАРИЖ. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/

Ле Буржеде қазақстандық «ҚазСат-3» спутнигін жасау және ұшыру туралы келісімшартқа қол қойылады

Қазғарыш төрағасы  Талғат  Мұсабаев бастаған  Ұлттық ғарыш  агенттігінің делегациясы  Ле Бурже  авиағарыш салонына қатысу  үшін  Парижге келді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.
Бүгін  қазақстандық делегация  көрменің ашылу  рәсіміне  қатысады,    әр  елден  келген  әріптестерімен   бірқатар келіссөздер өткізеді.  Қазғарыш  мамандары атап айтқанда,    украиналық  әріптестерімен  кездесіп,   ғылыми  мақсаттағы спутник  ұшыру жөніндегі   жобаны   жүзеге асырудың барысын  талқылайды.
Ғарыш  саласындағы  қазақстан-француз   ынтымақтастығына  да  айрықша  назар  аударылады.   Естеріңізге сала  кетейік, осыдан  үш жыл бұрын Қазақстан мен Франция жоғары мемлекеттік  деңгейде ғарыш  саласын   игеру бағытында стратегиялық   серіктестік  туралы  келісім  жасаған    болатын.  Бүгінде  «Қазақстан  Ғарыш  Сапары» Ұлттық компаниясы мен  француздың EADS Astrium  компаниясы  екі  үлкен  ғарыш  жобасымен айналысуда.  Қазғарыш басшысы  Талғат  Мұсабаевтың атап көрсетуінше, Ле Буржеде  осы аралықта  атқарылған   бірлескен  жұмыстың  кейбір  қорытындылары  шығарылмақ.
Сондай-ақ   көрменің   алғашқы күні Қазғарыш  пен  Роскосмос  агенттіктері  спутниктік жүйе саласындағы жаңа маңызды  бір қадам жасайды деп күтілуде.    Белгілі болғандай,   ресейлік «Решетнев атындағы   Ақпараттық   спутниктік  жүйе»   компаниясы    мен қазақстандық    республикалық  Ғарыш  байланысы   орталығы  «Қазсат-3»    спутнигін  жасау және ұшыру     туралы келісімшартқа қол қояды деп күтілуде.
ПАРИЖ. 20 маусым.  ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/

«ҚазСат-2» спутнигімен бірге ұшырылатын американдық «SES-3» аппараты Байқоңырға жеткізілді

Ағымдағы жылдың 9 маусымында   «Байқоңыр» ғарыш  айлағының «Юбилейный»   аэродромына   «Руслан»   Ан-124    ұшағы келіп қонды,
ұшақ   Ульяновскіден   американдық «SES-3»    телекоммуникациялық  спутнигін   жеткізді,   деп    хабарлады   Ресейғарыш  агенттігінің баспасөз қызметінен.
Жүк   кедендік тексеруден өткізілген кейін,   ғарыш аппараты  мен  қосалқы бөлшектер салынған    контейнерлер   теміржолмен  айлақтың 92А-50   алаңына  жеткізілді.    Онда   «SES-3»  аппаратын орбитаға  ұшыру  дайындықтары  жүргізіледі.
Бұған дейін   хабарлағандай, «SES-3»   аппараты      орбитаға  қазақстандық  «ҚазСат-2»     спутнигімен бірге  ұшырылады.  «ҚазСат-2»      Байқоңырға 30  мамыр күні жеткізілген,  қазір ол  жоспарлы  дайындықтан  өткізілуде.
Қазақстандық және  американдық  спутниктерді  орбитаға алып шығатын  «Протон-М» зымырантасымалдағышының сапары   10 шілдеге  белгіленген.
10.06.2011 / 08:03
ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/

Беттер