Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқыды

Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының жанынан «Ғарыштық ұшақ аппараттарын жобалау» зертханасын ашты және аталмыш оқу ордасының студент-жастарына «ҚР ұлттық ғарыш агенттігінің қызметі һәм ғарыш кеңістігін бағындырудың болашақтағы жоспары» деген тақырыпта дәріс оқыды.
Агенттік төрағасының айтуын­ша, Елбасының ұлттық ғарыш са­ласын дамыту туралы тапсырма­сы мүлтіксіз орындалады. Алдағы уақытта бұған дейінгі кемшіліктер мен қателіктерге жол берілмейді. Ал ғарыш саласы қазақстандықтар үшін ұлттық мақтаныш қана емес, ортақ Отанымыздың барлық са­ласын дамытудың қайнар көзіне айналады.
Қазғарыш баспасөз қызметі
 

Елордада адамзат баласының ғарышқа алғашқы сапарын бейнелейтін бірегей көрме ашылды

Бүгін елордадағы «Бәйтерек» монументінде адамзат баласының ғарышқа алғашқы сапарын бейнелейтін 60 бірегей мұрағаттық суреттерден тұратын «Ол «Кеттік», - деді» атты фотокөрме ашылды.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, көрмеге қойылған суреттердің басым бөлігі «Жаңалықтар» ресейлік ақпарат агенттігінің мұрағатынан алынған, әрі бұған дейін еш жерде жарияланбаған.
Танымал ресейлік және кеңестік фотографтардың көрмеге қойылған туындылары келушілерге ғарыш кеңістігін бағындырудың түрлі кезеңдерінен, Жердің алғашқы жасанды серігін ұшырудан бастап, Ю.Гагариннің ғарышқа ұшу, Халықаралық ғарыш стансысы мен «Байқоңыр» ғарыш айлағының заманауи ұшыру алаңдары турасында сыр шертеді. Сондай-ақ елордалықтар мен қала қонақтары алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің бірегей суреттерін де тамашалуға мүмкіндік алады.
Ашылу рәсімінде сөз алған Қазақстандағы РФ Елшілігінің елші-кеңесшісі Сергей Тарасенко көрменің тұңғыш ғарышкер Ю.Гагаринге арналғанын айта келе: «Ол қысқа ғана өмір сүрді. Бірақ оның өмірінің жарқын болғаны соншалық, бірнеше буын ұрпағының сүйіспеншілігіне бөленді», - деді.
12.04.2011
ҚазАқпарат

Байқоңыр Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, өз таңдауын жасады

Байқоңыр Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, өз таңдауын жасады
Байқоңыр қаласында     Қазақстан  Республикасы Президентінің  кезектен тыс сайлауы өтті.
Дауыс берудің   қорытындысы  бойынша,  сайлауға      тізімге  енгізілген   сайлаушылардың   93,8 пайызы, яғни     18 567   адам  қатысты.
Байқоңыр қаласында   Қазақстан  Республикасы  Президентінің сайлауын   ұйымдастыруда   және  өткізуде   сайлау учаскелік комиссияларынан   қолдау көрсету жөніндегі жедел топ  жетекшісінің  орынбасары    Михаил  Москалевтің  хабарлауынша,   дауыстарды санаудың     қорытындысы   бойынша   Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев   айқын жеңіске  жетіп  отыр.
Алдын-ала мәліметтер  бойынша,  байқоңырлық  сайлаушыларлың  94,7 пайызы Елбасыға  дауыс берді.   Екінші  орында  - 2,35 пайыз көрсеткішпен  Жамбыл  Ахметбеков,   үшінші  орында  - 1,55   пайыз дауыспен  -  Мэлс Елеусізов тұр.   Ал  Ғани Қасымов   Байқоңыр сайлаушыларының 1,07 пайыз  дауысын  алды.
Байқоңыр   қаласындағы Н.Назарбаевты қолдау  штабының төрайымы,   ғарыш айлағының ардагері Күлпәш    Құлмырзаева   президенттік сайлаудың    табысты  өткенін    атап көрсетті.
«Бұл науқанның ерекшелігі сол,    сайлаушылар    үлкен белсенділік  көрсетті»,  - дейді   штаб жетекшісі.
04.04.2011
ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/

Қызылорда облысында ғарыштың игерілгеніне 50 жыл толуы кең көлемде аталып өтуде

Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Қызылорда облысы аумағындағы Байқоңыр ғарыш айлағынан жеті қат аспанның алпарына адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагарин самғап ұшты.
Бұл ерекше оқиға биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бүгін осы оқиғаға байланысты Байқоңыр қаласында жасөспірімдер арасында халықаралық веложарыс болды. Содан кейін Ю.Гагарин мен С.Королев ескерткіштері жанында салтанатты митинг өтті. Ал түсте қалалық мәдениет үйінде «Байқоңыр - ғарыш қақпасы» атты ақындар айтысы басталды. Оған Бекарыс Шойбеков, Әсем Ережеқызы, Рүстем Қайыртайұлы, Кәрима Оралова, Мұхтар Ниязов сынды танымал ақындар қатысуда.  Кешке қаланың орталық алаңында «Байқоңырдан - ғарышқа» атты ұлттық мәдени орталық өкілдері мен облыс өнер шеберлерінің концерті болады.
Сол сияқты бүгін кешке Қызылорда қаласының орталық алаңында осындай концерт кең қанат жаяды.
12.04.2011
ҚазАқпарат

Елорда студенттері Космонавтика күнін зияткерлік турнирмен атап өтті

Елорда студенттері Космонавтика күнін зияткерлік турнирмен атап өтті
Бүгін, 12 сәуір Дүниежүзілік авиация және космонавтика күніне орай, Астанадағы ЖОО-ның студенттері «Қазіргі заманғы космонавтика мәселелері мен болашағы: Қазақстаннан көзқарас» атты брейн-ринг зияткерлік турнирін өткізді.
Оған елордадағы бірқатар оқу орындарының студенттерінен құралған 10-ға тарта команда қатысты.
"Қазіргі таңда Қазақстан ғарыш державасына айналуға құлшыныс таныта отырып, бұл бағытта ғылыми және коммерциялық зерттеулер жасауды бастап кетті. Сонымен қатар ғарыш саласындағы халықаралық әріптестікті орнатуға көп көңіл бөлуде. Еліміз үшін осындай сүбелі мерекенің тұсында Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы және «Студенттік филармония» қоғамдық бірлестігі болашақ ғалымдар арасында зияткерлік жарыс өткізуді ойластырды»,-дейді ұйымдастырушылар.
Аталған шараның мақсаты - студенттердің Қазақстандағы ғарыш саласының дамуы туралы білімдерін кеңейту, студенттердің бос уақыттарын ұйымдастырудың зияткерлік түрлерін ынталандыру, сондай-ақ Астана қаласындағы ЖОО арасындағы қарым-қатынас шеңберін ұлғайту.
ҚазАқпарат

Байқоңыр Қазақстан Президентінің сайлауына әзір

 Жалға  берілген ғарыш кешені ретінде  айрықша  мәртебеге ие Байқоңыр қаласында тұрып жатқан Қазақстан  азаматтары барша  қазақстандықтармен бірге   ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына  қатысады.
2011   жылы 1 наурызда   Байқоңыр  қала әкімшілігінің басшысы   Александр  Мезенцевтің    нұсқауымен  Байқоңыр  қаласында  Қазақстан  Республикасы  Президентінің  кезектен тыс сайлауын  өткізуді ұйымдастыруда  учаскелік сайлау комиссияларына  қолдау көрсету  жөніндегі   жедел топ құрылған болатын.
Қала аумағында   9 учаскелік сайлау учаскесі  құрылды,  жедел топтың  құрамына  «Байқоңыр»  ғарыш  кешенінде    жұмыс істейтін    қазақстандық және ресейлік   ұйымдардың 12  мүшесі кірді.
Сайлауды  ұйымдастыру және   өткізу жөніндегі  жедел топтан   хабарлағандай, Байқоңыр   қаласында    ҚР Президенттігіне екі кандидаттың  - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және  Коммунистік   халықтық партия кандидаты   Жамбыл Ахметбековтың штабтары   құрылған.
Санақшылардың  деректері  бойынша, алдағы Президент сайлауына   Байқоңыр қаласында тұратын  20 мыңға жуық қазақстандық қатысады.
Жедел  топ өкілдерінің  пікірінше,  Байқоңыр  қаласы   ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге  сақадай сай.
01.04.2011
ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/

Беттер